Шұлық тіккісі келетін қазақстандықтарға Үкімет 3 миллиард теңгеден бермек

3964

Қолдау бар, бірақ Қытайдағыдай жеңіл өнеркәсіпке арналған үлкен жеңілдіктер мен артықшылықтар әзірге болмайды.

Шұлық тіккісі келетін қазақстандықтарға Үкімет 3 миллиард теңгеден бермек Фото: canva.com

Әкімдердің бірі әзілдегендей, бүкіл ТМД көлемінде аққұла Қазақстанда жеңіл өнеркәсіптің неге дамымай қалғаны түсінікті, өйткені бұл саланың атауында "Жеңіл!" деген сөз бар. Егер ол "жеңіс өнеркәсібі" деп аталғанда, жағдай басқаша болатын еді.

Қалжыңды былай ысырғанда, шынында отандық жеңіл өнеркәсіп айналадағы көршілердің бәріндегі бәсекелестерінен жеңіліп қалды. Әлдеқалай жағдай болып, Қазақстан оқшауланып қалса, басқаны айтпағанның өзінде, ел өзін қарапайым шұлықпен қамти алмай қалады екен. Мұны енді депутаттар айтып отыр.

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиевтің байламынша, жеңіл өнеркәсіптің мысын шетелдік бақталастары басып қана қоймай, ол отандық шикізат өндіру секторлары сияқты үлкен салалардың көлеңкесінде де қалып қойды. Үкімет тарапынан қуатты қолдау байқалмайды. Салдарынан, мысалы, тоқыма-тігін саласы өрісін кеңейтпек түгілі, барының өзі аяғына нық тұра алмай жатыр.

Билік "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасын 2019 жылдан бастап жүзеге асыруда. Оған ел бюджетінен 1 триллион теңге бөлінді. Осы қаражатқа халық көп тұтынатын, бірінші кезекте қажетті, қарапайым заттар шығаратын кәсіпорындар қарқынды дамытылуға тиіс еді. Алайда республика өзін ең құрыса шұлықпен 100 пайыз жабдықтайтын дәрежеге жете алмады.

"Бұған мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі және салықтың жоғары жүктемесі себеп. Атап айтқанда, шұлық өндірісінің дамуы көңіл көншітпейді. Мысалы, 2024 жылғы есеп бойынша елімізде тоқыма-трикотаж шұлық бұйымдарын өндірумен айналысатын заңды тұлғалардың саны – небары 24. Оның ішінде жалғыз ғана кәсіпорын орта бизнеске жатады. Ал қалған 95,8%-ы шағын-ұсақ бизнестер. Салдарынан, 2023 жылы елімізде 2 млрд 895 млн теңгеге 10 миллион 978 мың жұп қана шұлық шығарылған", – деді Қайрат Рахымұлы.

Яғни, отандық бүкіл жеңіл өнеркәсіптің жыл бойы өндіргені 20 миллионнан асқан халқымыздың жартысына ғана жетеді. Оның үстіне дұрысында, әрбір адамның күн сайын ауыстырып киетін шұлығы болғаны жөн.  

Дәл осы кезде шетелден, негізінен, Қытайдан, Ресейден, Өзбекстаннан және Қырғызстаннан тасылып жатқан шұлық парларында қисап жоқ, тонналап әкелінуде. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, былтыр Қазақстанға басқа елдерден 27,2 мың тонна көлемінде шұлық түрлері арбаланған. Нәтижесінде қазақстандықтардың қалтасынан 299,3 миллион доллар немесе 135 миллиард теңгесі тек қана шұлық алу үшін шетел асқан.

Қазақтардың аяғына шұлықты негізінен Қытай кигізіп отыр: ханзу елінен 267 миллион долларға 24,3 мың тонна шұлық бұйымдары тасылды. Бұл – жалпы импорттың 89,3%-ы.

Осылайша, Қазақстан бұл салада толығымен дерлік импортқа тәуелді. Бұған қоса, отандық шұлық-ұйық бұйымдары қымбат. Содан дүкен, базар аралаған халық олар тұрған сөрелерге үрке қарап, жанынан желіп өте шығады да, көршілердің арзандау бұйымдарына қол созады.

Ендеше импорттық тауарлар арзан болғандықтан да, жоғары сұранысқа ие. Мұндай жағдайда отандық өндірушілер шетелдік өніммен тең бәсекеге түсе алмайды.

Қайрат Балабиев мұның бірнеше себебін атады. Біріншіден, Үкімет шетелдік шұлықтарға кедендік баж салығын 5%, 10%, 12% және 13% мөлшерінде төмен белгілеп, олардың елге тасылуын ынталандырады.

Бір шұлықты жасап шығу шығыны шетелден екі шұлық әкелуге татиды, өзіндік құны жоғары. Содан оны сырттан сатып әкелу тиімді. Импорттық өнімнің басым бөлігі төменгі баждармен әкелінеді.

Екінші басты себеп, отандық кәсіпорындар сапалы шикізаттың басым көпшілігін шетелден алдыртады, бізде өндірілмейтін көрінеді. Мысалы, бізде бояу өндірісі дамымаған. Жүн өңдеу секторы, мақтадан жіп иіру фабрикалары, басқасы қанат жаймады. Отандық өндіруші шекараның ар жағынан әкелген әрбір шикізат материалы үшін өнім құнының 12%-ы көлемінде салық төлейді. Өзіндік құнының удай болатыны да содан.

Үшіншіден, Қытай да, Ресей де жеңіл өнеркәсіпшілерін қайтарымсыз демеуқаржымен, арзан кредиттермен қуатты, тұрақты қолдайды. Олар содан ақырғы өнімін арзанға сата алады. Өйткені неғұрлым тез әрі көп көлемде өткізіп жіберсе, соның ішінде тең-тең қаптармен Қазақстанға тиеп жөнелтсе, үкіметінен де соғұрлым көп субсидия қаражат алады.

Қазақстанда мемлекеттік субсидиялау қарастырылмаған.

Өзбек сарапшысы, экономист Руслан Абатуров бүгінде Өзбекстанның төл жеңіл өнеркәсібін дамытуда Қытайдың тәжірибесін игеруге ұмтылып жатқанын айтады. ҚХР тоқыма өндірісіне 6,2 миллиард доллар инвестиция салады. Соның арқасында қазіргі уақытта шың елі тоқыма-мата өнімдері мен киімнің жаһандық ең ірі өндірушісі және экспорттаушысы болып табылады.

"Ең бастысы, сала шикізатпен, бірінші кезекте мақтамен толық қамтамасыз етілуі шарт. Мемлекеттік қолдау, шағын және орта бизнеске жеңілдіктер мен артықшылықтар беру маңызды рөл ойнайды. Қытайда тоқыма өндірісі табыс салығынан, ҚҚС-тан, шаруашылық қызметіне салықтан, саудаға салықтан босатылған. Жергілікті билік органдары да жергілікті өз кәсіпорындарын ынталандыру бойынша кең өкілеттіктерге ие және бұл істе өзара бәсекеге түседі. Қолдау қорларын құрады, оның қаражаты кәсіпорындарды жете және қайта жарақтандыруға, жабдықтауға жұмсалады. Саладағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға, маркетинг қызметіне, жарнама шығындарын өтеуге, ішкі және халықаралық көрмелерге қатысуына дейін субсидия береді", – деді сарапшы.

Саланы дамытқысы келсе, Қазақстан да жеңіл өнеркәсіпке мол салықтық жеңілдіктер мен преференциялар бергені жөн.

Қытай 15 жыл бұрын өндіріс ағынын және бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін 1,2%-бен несие бере бастаған. Осы кредиттік мөлшерлемелер бизнестің айналым қаражаты мен инвестицияларын толықтыруға оң әсер етті.

Салада әлемдік алпауыттың бірі саналатын Түркияда мыңдаған шұлық өндіруші экспортқа жұмыс істейді және жыл сайын жалпы құны 1 миллиард доллардан астам табысты шетелдік нарықтардан табады. Бұл – тек шұлықтан ғана! Ал бізде мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігінен экспортталған отандық өнімнің көлемі жарты тоннаға (490,9), құны тіпті 10 млн долларға (9,9 млн) жетпейді. Бірақ осының өзі отандық бұл сектордың әлеуеті барын паш етеді.

Саланы дамытуға қатысты Үкімет басшысы Олжас Бектенов пікір білдірді. Ол Үкіметтің отандық шұлық-ұйық өндірушілерді қосылған құн салығынан (ҚҚС) толық босатуға бара алмайтынын нықтады. Тек жаңа кәсіпорын ашқандарды 3 жылға босату қарастырылып жатқан көрінеді.

Премьер 2023 жылы Салық кодексіне бөлшек салық режимін қолдануды кеңейтуді, сондай-ақ режим әрекетінің мерзімсіздігін белгілеуді көздейтін заңнамалық түзетулер қабылданғанын еске салды. Оған сәйкес, жеке тұлғалар тауарлар мен қызметтерді сатудан табыс тапса, төлейтін салығының ставкасы 4%-ға дейін азайтылды.

"Осы бөлшек салық режимін қолданатын қызмет түрлерінің тізбесіне киім, дайын тоқыма бұйымдарын өндіру және басқа қызмет түрлері енгізілді. Сондай-ақ, жаңа Салық кодексін әзірлеу аясында енді отандық инвесторларды өңдеуші өнеркәсіптің жаңа жобаларын іске асырудың алғашқы 3 жылында салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден босатуды көздейтін тәсілдер мақұлданды. Осыны ескере отырып, отандық шұлық-ұйық өндірушілерді ішкі нарықта өнімді сату кезінде ҚҚС-тан босату мәселесі қарастырылмайды", – деді Олжас Бектенов.

Үкімет жетекшісі жеңіл өнеркәсіпке субсидия қаржы берілмейтінін айтты, ол демеуқаржы банктерге беріледі: сол арқылы банктің жеңіл өнеркәсіпке беретін несиесі арзандатылады.

"Жеңіл өнеркәсіп өндірушілеріне мемлекеттік субсидияларды бөлуге келсек. Мемлекеттік қолдаудың қаржылық шаралары бағдарламасы бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін сыйақы ставкасының бір бөлігін субсидиялау және екінші деңгейдегі банктердің кредиттері бойынша кепілдік беру арқылы қолдау шаралары көзделген. Кредиттер бойынша сыйақы ставкасын субсидиялау нәтижесінде, кәсіпкерлерге жылдық 8%-бен, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне, батыс және оңтүстік өңірлердің тұрғындарына – жылдық 7% ставкамен кредиттер беріледі. Бір кәсіпкер, соның ішінде шұлық өндіруші 3 миллиард теңгеге дейін несие ала алады", – деді Премьер-министр депутаттарға жолдаған хатында.  

Сөйтіп, депутаттардың жеңіл өнеркәсіпке, соның ішінде шұлық-ұйық бұйымдарын жасаушыларға 3% ставкамен жеңілдікті кредиттер беру бастамасы Үкімет тарапынан қабылданбады.

Үкіметтің дерегінше, аталған талаптарға сай шағын және орта бизнес кредит алғанда, банкке қоятын кепілзаты жеткіліксіз болса, "оларға ішінара кепілдік беру құралы іске асырылады". Онда кредит сомасы – 360 млн теңгеге дейінгіні құраса, мемлекет беретін кепілдіктің ең жоғары мөлшері 85%-ды, ал, кредит сомасы 1,5 млрд теңгеге дейін болса, 50%-ды құрайды.

Жаңа Үкімет басшысының осы жауабына қарағанда, қазақтар ары қарай да негізінен қытайдың "нәскиін" кие беретінге ұқсайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу