Өскеменде адам омыртқасының аралық сақиналары құйылады

Ғалымдар титан мен танталды технологиялық жобаға жұмсамақшы.   

Өскеменде адам омыртқасының аралық сақиналары құйылады

Шығыс Қазақстанда елімізде бұрын соңды болмаған технологиялық жоба жүзеге асып жатыр. Бұған дейін таза құйма ретінде саудаланып келген титан мен тантал металдары медициналық бұйым ретінде экспортқа шығарылмақшы.

Үлбі металлургиялық зауыты мен Өскемен титан-магний комбинаты қолға алған қос жоба Дәулет Серікбаев атындағы ШҚМТУ ғалымдарының ғылыми сүйемелдеуімен жүзеге асады.  Ғалымдардың айтуынша, жыл сайын елімізге 27 млн доллардың имплантанты әкелінеді. Оның 80% титаннан жасалған. Осы сұранысты Өскеменнің титанымен-ақ толтыруға болады. Өйткені біздің Оңтүстік Кореяға саудалап отырған құймаларымыз медициналық стандартқа сай, өте сапалы шикізат саналады.

"Елімізде тек буын бөлшектерін алмастыру үшін ғана жыл сайын 4 млрд  теңгенің имплантанты сырттан алынады. Титан, тантал және ниобий металдарын пайдалана отырып адамның сүйегімен биологиялық сәйкестігі жоғары, аса серіппелі материал құюға болады. Оны біз өз арамызда "әлеуметтік имплантант"  деп атадық. Өйткені бағасы шетелдік баламаларынан әлдеқайда арзан. Буын бөлшектерінен бөлек омыртқааралық сақиналарды құйсақ деп отырмыз. Оған технологиялық мүмкіндік жеткілікті" - дейді ШҚМТУ проректоры Олег Гаврилиенко.

Ғалым танталдан магниттік-резонаснты томаграфияға қажет жоғары өткізгішті сым алу жобасының да болашағы зор екенін айтады. Өйткені аталмыш сымның бағасы шикізат ретінде сыртқа кетіп жатқан қарапайым құймалардан бірнеше есе қымбат.  

"Біз қазір медициналық сапаға ие титанның әр тоннасын шамамен 6 мың  долларға сатып отырмыз. Оны дайын имплантант ретінде өңдейтін болсақ, жылына жарты тонна ғана шикізат кетеді. Салыстырып қарасақ, біздің титан тиынға сатылып жатыр",  - дейді облыс әкімі Даниал Ахметов.

"ҮМЗ" және "ТМК" зауытының мамандары жаңа өнімді алудың технологиясын әзірлесе,  университет ғалымдары аталмыш өнімдердің нарығын зерделепті. Әлем бойынша Procter & Gamble, Jonson & Jonson сияқты бірнеше компания бұл салаға монополия жүргізіп отырған көрінеді. Ал экономикалық одақтасымыз – Ресейдің имплант нарығындағы үлесі 3% ғана. Яғни бізге одақ аясында көрші елге де титан мен тантал өнімдерін өткізуге болады.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу