Қазақстанда қауіпті ауруы бар ара балы сатылуда

13018

Қазақстанда ветеринарияға жауап беретін басты органның басшысыз отырғанына бір жылдан асып кетті.

Қазақстанда қауіпті ауруы бар ара балы сатылуда Фото: ВК

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми интернет-ресурсында Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы деген тұстың бос тұрғанына көп болды. Оның орнына комитеттің Әдеп жөніндегі уәкілі Қайыржан Байжановтың телефоны көрсетілген.

Веткомитеттің бір жылдан астам уақыттан бері басшысыз қалуы саладағы ауыр ахуалдан хабар береді.

Мәжіліс депутаттарының айтуынша, "бүгінде ветеринария саласының жағдайы өте мүшкіл". Мемлекет сатып алатын вакциналар сапасы төмен, әрі уақытылы егілмейді. Ветеринарлардың мəртебесін көтеру, материалдық жағдайын жақсарту мәселелері де шешілер емес.

"Ветеринария саласының жылдық бюджетті 92 млрд теңгені құрайды, бірақ ауыз толтырып айтатындай нəтиже жоқ! Еліміздегі 6 300 ауылда кем дегенде бір ветеринарлық клиника жəне дəріхана болуы керек. Зертханалар əрбір ауданда болуға тиіс. Осындай инфрақұрылымдарды бюджеттің ақшасын күтпей, кəсіпкерлердің есебінен ашып, жұмыс істеуіне неге заңды түрде жағдай жасамасқа? Ауылдағы ветеринарлар ескі "Нива" мініп, 100-150 мың теңге мөлшерінде жалақыға қанағаттанып, ескі ғимараттарда жұмыс атқара беруі керек пе?", – дейді мәжілісмен Жигули Дайрабаев.

Ауылдағы ветпунктердің көпшілігі əкімдік ғимаратының бір бөлмесінде орналасқан. Аядай ғана жерде орын жетпегендіктен, дəрі-дəрмектерді, биопрепараттарды, тіпті алынған қан сынамаларын, соның ішінде ауру малдардың қанын, басқа да патологиялық материалдарды мамандар өз үйлерінде сақтауға мәжбүр екен.

Салдарынан, барлық ветеринарлық санитарлық талаптар өрескел бұзылуда. Ол аз болғандай, жаңа билік жаһандық "жасылдардың" қысымымен "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" арнайы заң қабылдап, ветеринарларға қаңғыбас иттерді ұстауды да жүктеп қойды. Бірақ шенеуніктер жауапкершілікпен бірге жағдай жасауға асықпай отыр. Саладағы былық мамандарға да кері әсер етеді.

"Прокуратура анықтағанындай, вакцинация жасадық деген өтірік ақпараттарды жүйеге енгізіп отырған ветеринарлар жетерлік. Бұл келеңсіздіктер Үкіметтің цифрлық ақпараттық жүйесінде тəртіптің жоғын көрсетеді. Өңір түгіл, Астана қаласының өзінде ет базарындағы саудада делдалдар қажетті құжаттарды өздері жасап, сапасы төмен малдың етін арзан бағамен тұтынушыларға өткізуге болатынын көрсетті. Осы тұрғыда биліктің "пилоттық режимде ақпараттық жүйеде 4 модуль жұмыс істейді жəне 2 мобильді қосымша іске қосу жоспарлануда" дегені құрғақ сөз болып шықты", – дейді депутат.

Сонда бұл бағытқа жыл сайынғы бөлінген 360 миллион теңге қайда?

Үкіметке жүгінген бір топ депутаттың айтуынша, ветеринария саласы жылдан жылға əлсіреп, жануарлар арасында аса қауіпті аурулар ушығуда. Өткен жылы бірнеше өңірде сібір жарасы (күйдіргі) тіркелді. Биыл Арқадағы қысқы жұттан жəне көктемгі су тасқынынан кейін қазақ даласы мал өлексесіне толды. Олардан ауыл-аймақта індет өршуі ықтимал.

Соғысқа қарамастан, соңғы 2-3 жылда көрші Ресей ветеринария талаптарын қатаңдатты және қадағалаушы органдарын күшейтті. Мысалы, Ресей Өзбекстаннан келетін бал араларынан аса қауіпті ауруларды – тропилелапс, нозематозды анықтап, оларды өзіне кіргізуге тыйым салды. Сол бал аралары, депутаттардың мәліметінше, Қазақстанда ешқандай қадағалаусыз еркін сатылуда екен.

Үкімет не дейді?

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан аумағында жекеменшіктегі 630-ға жуық ветеринариялық дәріханалар мен клиникалар бар.

"Әрбір ауылда ветеринарлық дәріхана мен клиника ашуды экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп санаймыз! Сарапшылардың бақылаулары көрсеткендей, ақылы ветклиникаларға негізінен, мысық, ит сияқты ұсақ үй жануарларының иелері жүгінеді, сирек жағдайларда төрт түлік, негізінен жоғары құнды, асыл тұқымды мал иелері көмек сұрауы мүмкін. Ветклиника мен дәріханалар – жеке кәсіпкерлік субъектілері болып табылады, тиісінше, кәсіпкерлер оны ашу-ашпауды тиімділігіне қарай өздері шешеді. Әр ауылда филиалыңды аш деп міндеттеу мүмкін емес", – деді Серік Мақашұлы.

Ол ірі ауылдық округте ветеринариялық дәрігер жұмыс істейтін жергілікті ветпункт барын, оған барлық ауыл тұрғыны жүгіне алатынын алға тартты. Олар тегін істемейді, жеке көрсетілетін қызметтеріне төл баға парақтарын (прайс-лист) бекіткен.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда жалпы саны 188 аудан бар. Әрбірінде болмағанымен, біразында ветзертхана бары айтылды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің "Республикалық ветеринариялық зертхана" РМК қызметі "Ветеринария туралы" заңының 11-бабына сәйкес "мемлекеттік монополияға" жатқызылған ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарының аса қауіпті және энзоотиялық ауруларына диагностикалық зерттеулер жүргізеді.

Республика аумағында 191 ветеринариялық зертхана бар, соның ішінде 17 облыстық филиалы, 148 аудандық-зооналдық ветеринариялық зертхана және 26 биологиялық және патологиялық материалдар сынамаларын қабылдау пункті жұмыс істейтін көрінеді.

Мәжіліс депутаттары осы саланы жекенің қолына табыстап, бәсекелі ортаға беруді ілгерілетіп жүр. Үкімет бұған қарсы екен.

"Жануарлардан алынатын биологиялық материалдың зертханалық зерттеулерін бәсекелестік ортаға беру патогенділіктің II-IV және III-IV топтарындағы патогендік микроорганизмдердің биологиялық қауіп-қатерін туындатады. Бұл халық денсаулығының ұлттық қауіпсіздігіне теріс әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты, жануарлардан алынатын биологиялық материалға зертханалық зерттеулер жүргізуді жеке зертханаларға беруге ерте", – деді вице-премьер Серік Жұманғарин.

Облыстарда бұл саланың материалдық-техникалық жағдайын нығайту жағы кемшін екенін Үкімет өкілдері де жасырмайды. Бірақ істің ілгерілегеніне уәде етті.

Ресми мәлімет бойынша 2023 жылы республика көлемінде аудандық ветеринариялық станциялар мен ветеринариялық пункттер үшін:

  • 1 КАМАЗ тіркемесімен бірге,
  • 6 Hundai Tucson,
  • 1 Микроавтобус,
  • 12 Kia Bongo,
  • 29 JAC,
  • 1 Беларусь тракторы,
  • 15 Газель,
  • 3 Газель-рефрижератор,
  • 1 JAC-рефрижератор,
  • 1 ISUZU-рефрижератор,
  • 42 Haval пикап,
  • 21 УАЗ,
  • 36 Chevrolet Cobalt,
  • 5 Mitsubishi L200,
  • 30 "Нива" сатып алынды.

Жалақыны көтеру мәселесін шешу талаптары жасалуда. Әкімдіктердің мәліметінше, 2023 жыл қорытындысында ветеринар мамандардың жалақысы республика бойынша орта есеппен 24%-ға өсті.

"Сонымен қатар, 2023 жылдан бастап, I және II патогендік топтардың патогендік биологиялық агенттерімен жұмыс істегені үшін ветеринариялық мамандарға 35–50% үстемеақы және кемінде екі базалық лауазымдық жалақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төленеді. Осыған орай республикалық бюджеттен жергілікті әкімдіктерге 2023 жылы нысаналы трансферттер арқылы қосымша ақы төлеуге 9,2 миллиард теңге бөлінді. Ал, 2024–2026 жылдары жыл сайын 10 миллиард теңгеден бағытталады", – деді Үкімет басшысының орынбасары.

Бұл қаражатты әкімдіктер талан-тараж етпей, аймақтағы әрбір "Айболитке" дейін жеткізсе, дұрыс.

Жұманғарин бүгінде елімізде эпизоотиялық ахуал тұрақты деп отыр.

Бір топ Парламент депутаты ветеринария мәселелері жөніндегі заң жобасына бастамашы болған еді. Құжат Мәжілістің қарауында жатыр.

"Заң жобасының бірқатар нормаларына реттеушілік әсерге талдау (РӘТ) жүргізу және Республикалық бюджет комиссиясының (РБК) қорытындысын алу талап етіледі. Осыған байланысты қазіргі уақытта тиісті құжаттар топтамасын қалыптастыру жүргізілуде. Үкіметтің қорытындысы РӘТ және РБК нәтижелері бойынша Мәжіліске енгізілетін болады", – деді Серік Жұманғарин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу