Еуро-2024 додасының барлық қатысушылары анықталды

957

Плей-офф ойындары аяқталып, біраз сенсациялар орын алды.  

Еуро-2024 додасының барлық қатысушылары анықталды

Бүгін Германияда 14 маусым мен 14 шілде аралығында өтетін 2024 жылғы Еуропа чемпионатының соңғы қатысушылары анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Турнирге Грузия, Польша және Украина құрамалары жолдама алды.

Грузия мен Грекия құрамалары арасындағы кездесу өте тартысты өтті. 120 минуттық ойында командалар қақпаға бар-жоғы бес соққы жасады (3:2 алаң иелерінің пайдасына) және ең қызықты оқиға Хвича Кварацхелия мен Петрос Манталос бастаған бірінші таймнан кейінгі тартыс болды. Қақтығыс салдарынан грузиялықтардың қосалқы қақпашысы Георгий Лория алаңнан қуылды. Қосымша уақытта да гол соғылмады. Пенальтилер сериясында Грузия құрамасы дәлірек болды – 4:2. Шешуші соққыны қостанайлық "Тобылдың" бұрынғы жартылай қорғаушысы Ника Квеквескири соқты. Тағы бір пенальтиді павлодарлық "Ертістің" бұрынғы қорғаушысы Лаша Двалия соққанын айта кетейік.

Ал Украина мен Исландия арасындағы кездесуде Альберт Гудмундссон бірінші таймда есеп ашты. Үзілістен кейін Виктор Цыганков қақпаға дәл соққы бағыттады. Украина құрамасынан Роман Яремчук соққан тағы бір гол VAR жүйесі арқылы есепке алынбады. Бірақ, барлығын матч соңындағы Михаил Мудриктің голы шешті. "Челсидің" вингері оң қапталдан берілген пастан кейін орталық аймақтан қақпаға дәл соққы бағыттап, өз елін Еуропа чемпионатына алып шықты.

Сондай-ақ Польша мен Уэльс Еуро 2024 додасының жолдамасын сарапқа салды. Кездесу нәтижесі бойынша Еуроға Польша құрамасы баратын болды.

Турнир қатысушыларының соңғы құрамы Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінен кейін анықталды. Матчтардың қорытындысы бойынша Грузия, Украина және Польша құрамалары Еуро-2024-ке жолдама алды. Еуропа чемпионатының финалдық кезеңінде келесі командалар өнер көрсетеді: Германия, Португалия, Франция, Бельгия, Шотландия, Испания, Түркия, Аустрия, Англия, Венгрия, Словакия, Албания, Дания, Швейцария, Нидерланды, Румыния, Сербия, Италия, Словения, Чехия, Грузия, Украина, Хорватия және Польша.

Еуро 2024 Германияда 14 маусым мен 14 шілде аралығында өтеді. Матчтарды Берлин, Гамбург, Гельзенкирхен, Дортмунд, Дюссельдорф, Кельн, Лейпциг, Мюнхен, Франкфурт және Штутгарт қалалары қабылдайды.

Топтардың құрамы келесідей:

  • А тобы: Германия, Шотландия, Венгрия, Швейцария
  • В тобы: Испания, Хорватия, Италия, Албания
  • С тобы: Словения, Дания, Сербия, Англия
  • D тобы: Польша, Нидерланды, Аустрия, Франция
  • Е тобы: Бельгия, Словакия, Румыния, Украина
  • F тобы: Түркия, Грузия, Португалия, Чехия
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу