"17 млн төлегенше өліп, 500 мың теңгеге жерленгенім жақсы"

Марқұмдардың қарызы мойнына мінген азамат жұбайына осылай депті.

"17 млн төлегенше өліп, 500 мың теңгеге жерленгенім жақсы"

Өскеменде несиелік серіктестікке қатысты тағы да шу шықты. "Шығыс-Қамқорлық" атты серіктестіктің 4 мүшесі бір жылда дүние салып, барлық қарыз көзі тірі екеудің мойнына мінді.

2011 жылы құрылған ұжымның қарызы күн өткен сайын ұлғайып жатыр. Ал несие беруші "Ертіс" ӘКК барлық қарызды Сейтқазы Қасенов пен Бауыржан Әубәкіровтан өндіріп алмақшы.

"2011 жылы жолдасым Бауыржан Әубәкіров жұмыссыз болатын. "Жұмыспен қамту-2020" бағдарламасы бойынша 3 млн теңге алып, ауылда мал баққысы келді. Жұмыспен қамту орталығындағылар бұл үшін  несиелік серіктестікке өту қажеттігін айтыпты. Осылайша жолдасым Ерлан Байырбеков құрған "Шығыс-Қамқорлық" атты несие серіктестігіне мүше болып кірді. Оған Ерлан Байырбеков пен менің жолдасымнан бөлек Сейітқазы Қасенов, Сұлтанғазы Байырбеков және Светлана Короткова деген адамдар мүше болады. Әуелі бұлар 3 күндік курстан өткен. Сол кезде ортақ жауапкершілік туралы кепіл шартына қол қойған.  Онсыз ешқандай несие берілмейді деген уәж айтылған ғой. Арада бір ай өтпей жатып, Ерлан Байырбековтың атындағы шотқа 12 млн теңге түскені белгілі болады. Бауыржан өзіне тиесілі 3 млн теңгені алу үшін серіктестік төрағасы Ерлан Байырбековке барса, кепілге қоятын мүліктің құжаты талап етіледі. Ондай мүлкі болмағандықтан, жолдасым несиелік серіктестіктен шығып, 2012 жылдың 24 ақпанында өзінің 25%-дық үлесін Айгүл Байырбековаға өткізген. Қолымызда мұны растайтын келісімшарт бар" – дейді Бауыржан Әубәкіровтің жұбайы Динара Әубәкірова.

Кейін бұл отбасы несие жайлы ұмытып кетеді. Алайда 2015 жылы "Жұмыспен қамту" орталығындағылар төленбеген қарыз бар екенін айтып, сотқа шақырады.

"2012 жылы Байырбековтар әулетінен төрт бірдей адам жол апатынан қаза болыпты. Қайтыс болғандардың арасында Ерлан, Сұлтанғазы, Айгүл Байырбековтар болған. Кейін Светлана Короткова да өмірден озады. Ұзынқұлақтан оның өз-өзіне қол салғанын естідік. Нақты себебі белгісіз. Енді  марқұмдардың қарызын Сейтқазы Касенов пен менің жолдасыма төлетпекші. Күйеуім 12 млн теңгеден бір тиын да алған жоқ. Өйткені ақша үлестірілмей тұрып серіктестіктің құрамынан шығып кеткен. Бізге ортақ жауапкершілік туралы кепілшарт кесірін тигізіп тұр. "Ертіс" ӘКК сол құжатты алға тартып, күйеуімнің еңбекақысының 50%-ын ұстап қалып  отыр. Ол қазір жедел жәрдем жүргізушісі. 2016 жылдың қарашасынан бері күйеуімнің жарты жалақысына күн көріп отырмыз" – деп налиды жұбайы.

Динара Әубәкірованың отбасы 2 жылдан бері сот жағалап жүр. Олардың  ақшасы адвокат жалдауға шашылып жатыр. Алайда ешқандай нәтиже болмай тұр.

"Біз жаға ұстатарлық жайтты естігенге дейін 2 сот отырысы өтіп кеткен екен. Біз үшінші отырысқа қатыстық, ол біздің пайдамызға шешілді. Сот "Ертіс" ӘКК-нің Сейтқазы Қасеновтан 13,1 млн теңге өндіру талабын қанағаттандырып, Бауыржан Әубәкіровтен 17,4 млн теңге өндіру талабын кері қайтарды.

Бұл  туралы 2015 жылдың 9 қаңтарында Өскемен қалалық соты шығарған №2-13201/2015 шешімі бар. Кейін бұл шешімді облыстық сот терістеп, бізді қайтадан "Ертіс" ӘКК-ге борышкер етіп қойды. Содан бері бірнеше сот өтіп, бізді несиені төлеуге міндеттейтін шешім шықты. Жоғары сотқа да шағым түсірдік, бірақ ол кері қайтарылды. Ендігі бар үмітіміз прокуратура мен экономикалық тергеу қызметінде", – дейді Динара Әубәкірова.

Тауы шағылған Сейтқазы Қасенов пен Бауыржан Әубәкіров әкімдіктің де табалдырығын тоздырыпты. Облыс әкімі Даниал Ахметов экономикалық тергеу қызметіне істің шұғыл қаралуын тапсырып, "Ертіс" ӘКК-не Бауыржан Әубәкіровтің еңбекақысына салынған бұғаттты алғызыпты. Ал Сейтқазы Қасеновтың үйі "тұтқынға алынған" екен.

"Өз үйімізде өзіміз қонақ сияқтымыз. Ешкімді тіркеуге алуға да құқымыз жоқ", – дейді ол.

"Шығыс-Қамқорлық" несие серіктестігін құрып, оған төрағалық еткен Ерлан Байырбековтың артында 2 баласы қалған. Үлкені кәмелеттік жасқа жеткен. Осыны ескерген қорғаушылар Ерлан Байырбеков несиеге алған техника мен малды балаларына мұра ретінде рәсімдеп, несиені мүлік есебінен жабуды ұсыныпты.

Айта кетейік, Ерлан Байырбековтың атында 1990 жылғы "Т-40" және 2012 жылғы "Беларус МТЗ-82" маркалы тракторлар, "Газ-53" жүк көлігі мен "ВАЗ-21099" маркалы жеңіл автокөлік және Ұлан ауданы, Самсоновка ауылы, Солнечная, 56/2 мекенжайында орналасқан үй қалған.

"Ертіс" ӘКК барлық қарызды жабу үшін бұл мүліктерді сату жеткіліксіз деп отыр. Осыған қарағанда серіктестік мүшелері әзірше қарыздың қамытынан құтылмайтын тәрізді. 

"Бұл мүліктердің алдын ала есептелген құны 4 миллион теңге шамасында. Ал бізге мемлекеттің 13 млн теңгесін қайтару қажет. Бауыржан Әубәкіровтің несие серіктестігінен шығып кеткені рас. Алайда бұл оны әлеуметтік келісімшарт пен ортақ жауапкершілік туралы кепілшартында жүктелген міндеттен босатпайды. Сот осыны негізге ала отырып, біздің пайдамызға шешім шығарып отыр", – дейді "Ертіс" ӘКК басқарма төрағасының орынбасары Антон Крамаренко.

Сот шешімі бойынша Сейтқазы Қасенов пен Бауыржан Әубәкіров борыштың толық сомасын төлеуге міндеттелген. Яғни екеуінің мойнында 13 млн теңгеден берешек бар. Мұны корпорация өкілі былай түсіндірді: "Екі азамат та кепілшартына қол қойғандықтан несие серіктестігіне берілген қаржының толық қайтарылуына жауапты. 13 млн теңге толық жабылмайынша екеуі де жауапкершіліктен жалтара алмайды. Кімнің қанша төлегені маңызды емес. Бізге несие толық көлемде қайтса болды", – дейді Антон Крамаренко.

"Ертіс" ӘКК мамандары бұл іске қатысы бар Светлана Короткованың атында қандай мүлік қалғаны істе көрсетілмегенін айтады.

"Бұл жерде біздің кінәміз тірі қалғанымыз болып тұр. 17 млн теңгені жолдасым ешқашан төлеп біте алмайды. Қазір оны бұл дауға араластырудан да қорқамыз. Жолдасымның маған: "17 млн төлегенше өліп, 500 мың теңгеге жерленгенім жақсы", – дегені бар. Қазір күйеуімнің әр қадамын аңдып отырамыз. Өйткені қорқамыз", – дейді Динара Әубәкірова.

Бұл ШҚО-да несиелік серіктестік төңірегінде туындаған алғашқы дау емес. Корпорация өкілінің айтуынша, бұған дейін қайтпаған қарызға қатысты жүзден астам сот шешімі шығарылған. Соның ішінде кепілшарты мен әлеуметтік келісімшартқа қойылған қолдың өзіне тиесілі емес екенін дәлелдеп, жауапкершіліктен құтылған адамдар да болған.  

Шағын несие берудің бұл түрі 2016 жылы тоқтатылды. 2011-2015 жылдарда Шығыс Қазақстан облысы бойынша несиелік серіктестіктерге 13 млрд теңгеден астам несие берілген. Қазір сол серіктестіктердің "Ертіс" ӘКК алдындағы борышы 3,7 млрд теңгені құрап отыр.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу